Педагог күнделігінен
Жас ұрпақтың саналы да сапалы білім алуының бірден бір шарты мұғалімнің ізденімпаз болуы. Себебі, еліміздің болашағы бүгінгі жас ұрпақтың білім деңгейімен өлшенеді. Білім саласындағы – 33 жыл еңбек жолында көптеген жаңарулар мен жаңғырулар куәгері болып келеміз. Ұлттық педагогика, Конаржевскийдің тәсілдері, Кембридждік оқыту, жаңартылған білім беру бәрін-бәрін бастан кешіріп, көштен қалған емеспіз.
Ағылшын ғалымы Джеймс «Оқушы табысты білім алуы үшін мұғалімнің де оқуын жалғастыруы негізгі болып табылады» деп атап көрсеткендей, мұғалімдер де білім беру барысында кәсіби мәдениетті жүйелі түрде дамытуы тиіс. Оқыту мен оқудың үздік әдістерін меңгермей, сапалы білім беру мүмкін емес. Өйткені оқушы ғана емес, мұғалім де үнемі жетіліп отыру қажет.
Соңғы кезде әлемде болып жатқан жағымсыз оқиғалар адамзатты дүр сілкіндіргені бәрімізге мәлім. Еліміздегі мегаполистердің карантинге жабылуы, жұмыстың тоқтауы, қоғамдық шаралардың кейінге шегерілуі – бәрі біздер үшін күтпеген жайт. Ал, біздерге ,яғни, педагог қызметкерлеріне тосын жаңалық – мектептердің қашықтан оқытуға көшуі. Әрине, бұл жайт аяқ асты болғандықтан, оқушылар,мұғалімдер мен ата-аналар үшін түрлі күдік тудырғаны рас. Көптің көкейінде сауал көп еді «қалай болар екен?» деген түрлі қобалжулар, қорқыныш, сенімсіздік белең алғанын жасырмаймыз. Дегенмен, іштегі қорқыныш, үрей, сенімсіздікке қарамастан алға қарай қадам жасауды жөн көрдік. Дайындықты арттырып, іздендік,еңбектендік.
Білім беру - ел болашағы үшін аса жауапты үрдіс .Сондықтан білім беру саласына қай мемлекетте болмасын аса жауапкершілікпен қарайды. Ал қазіргі жағдайда сапалы, нәтижелі білім беру үрдісін ұйымдастыру қиындай түскені анық. Информациятандырылған ғасырда озық технологияның үздік жемістерін пайдалану тек дамыған елдердің шешімі. Сондықтан еліміз үшін бұл да бір жаңа белес, жаңа жетістік шығар. М.Жұмабаев атындағы мектеп-лицей мұғалімдері еш ойланбастан, қашықтан оқу жүйесінің бүге- шігесін бірден меңгеріп, жүйелі түрде оқытуды бастап та кеттік. Қазір WATsap жүйесі арқылы оқушыларға OPIQ. kz., BILIM lend, Дарын онлайн арқылы қызықты сабақтар ұйымдастырып, түрлі көрнекіліктер пайдаланудамыз.
Сынып жетекшілер оқушыларына арнайы чаттар ашып, оқушылардың ата-аналарымен тығыз байланыс орнату арқылы сабаққа түгел қатысуын қамтамасыз етуде. Оқушылардың сабаққа деген қызығушылығы артып, жауапкершілікпен тапсырмаларды орындауы бізді де қуантады. Демек нәтиже қуантарлық! Оқушыларымыз мұғалімдеріне, мектепке деген сағыныштарын түрлі мессенджерлер арқылы «РАХМЕТ!» жолдаулары көңілімізге қуаныш орнатады. Иманжүзді, ибалы, білімді ұрпақ тәрбиелегенімізге қуанып та, сүйініп те қоямыз. «Бұлыңғыр күннің артынан, бұлтты түре күн шығар» деген пендеміз ғой. Бұл күндер де артта қалар.
М.Жұмабаев атындағы мектеп - лицейініңқазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі
Оспанова С.Ж.